21.08.2019

ӘР ЖЫЛ САЙЫН «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНЫҢ» БҰРЫН АҢҒАРМАҒАН ҚЫРЫН ТАНИ ТҮСЕМІН

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, «Қазақстан Барысы»
жобасының тұрақты коментаторы:

-Есей Жеңісұлы, бірнеше жылдан бері «Қазақстан барысының» абыройлы өтуіне атсалысып келесіз. Осы кезге дейін жобада неше рет комментаторлық жасадыңыз?

-«Қазақстан Барысы» алғаш басталған 2011 жылы теледидардан тамашалай алмадым. Ол кезде «Ұлан» газетінде едім, жобаға аса қызыға қоймаған сияқтымын. Жарыстың ертеңіне аяулы досым марқұм Рахат Мамырбекпен бірге түстендім. Рахаң не нәрсеге де сергек көзқараспен қарайтын, әсіресе қазақтың арғы-бергі дәстүр-салтындағы ерекшеліктерге ерекше ден қоятын азамат еді ғой. Әңгіме үстінде жобаға қатысқан атан жілік жігіттердің қимылына қатты риза болғанын, олардан нағыз ерлерге тән рух аңқып тұрғанын айтты. Өзі эмоциясын білдіріп, өрнектеп сөйлейтін еді.    
Досымның әңгімесінен кейін «Қазақстан барысына» ықыласым оянып, көргім келді. Келер жылдың жазында Астанаға жұмыс бабымен ауыстым. «Сарыарқа» велотрегінде өткен сынға ұлым екеуміз билет алып кірдік, көрермен ретінде тамашаладық. Бірақ ұлым тыным таппаған соң, жартылай финалда шығып кетуге тура келді. Үйге жеткенше финал аяқталып қойыпты.
Бұл кезде ҚР Президентінің баспасөз хатшысының орынбасары едім, комментаторлықтан сәл алыстап жүрген кезім болатын. Сондықтан жобаға комментатор болу жайын тіпті де ойлағаным жоқ. Осы жылы жарысты эфирден жүргізген жас жігіттерге жоба ұйымдастырушылары аса риза болмағанын айтып жатты. 2013 жылдың жазында, «Қазақстан Барысы» үшінші рет өтетін кезде Алматыға қоныс аудардым.
 «Қазақстан Барысын» ұйымдастырушылары да осы кезде жобаны эфирден жүргізуге ұсыныс жасады. Көңіл күйім болмады. Бас тарттым. Бірақ келесі 2014 жылы Бейсен Құранбек ағамыз қайта шақырып, мұндай халықтық жобадан бас тартудың реті жоқ екенін айтты. Сөйтіп, «Сарыарқада» төртінші рет өткен «Қазақстан Барысы» сынын «QazSport-тың» «Қазмедиа» орталығындағы студиясында Шалқар Жоламан мырза екеуміз жүргізіп шықтық. Аса жаман болмаған сияқты. Содан бері, міне, бес жыл болды, тұрақты комментатор болып келе жатырмын.
-Еліміздегі түрлі жобаларда жұмыс жүргіздіңіз, олардан «Қазақстан Барысының» ерекшелігі қандай?
-Осы сұраққа әлі жауап іздеп келе жатырмын. Шынымды айтсам, жобаның бірегейлігі сонша, әр жыл сайын бұрын аңғармаған қырын тани түсемін. Маған «Қазақстан Барысының» тірі ағза сияқты болмысы ұнайды. Яғни бұл сын жыл сайын жаңарып, кетік тұстарын қырнап, жақсарған үстіне жақсарып келе жатыр.     Жыл сайын эфирде «Қазақстан барысы» жобасын ұйымдастырушы Арман Шораев ағамызды әңгімеге тартамыз. Арман аға қандай жаңалықтар енгізіліп, қандай олқылықтар түзетіліп жатқанын толық айтып береді. Өзіміз де көріп жүргендіктен, шынында да, сөз бен істің қабысып жатқанына сүйсінеміз. «Қазақстан Барысының» шынайы әлеуметтік лифтке айналғанын, жыл сайын жаңа есімдерді паш ететінін мойындаймыз. Мынау жарқ-жұрқ еткен, «өзінде бармен көзге ұрып, бәрінен артылғысы келіп» (Абай) тұратын заманда бүтін халықты бір танымға, бір мақсатқа жұмылдырып, өшкенді қайта тірілту деген оңай шаруа емес. Сондықтан эфир сайын әрбір жаңалықты жеткізуге асығып, іштей мақтанып отырамын.
    Басқа жобаларға келсек, футбол, бокс, веложарыс жүргізсек, олар әлемдік даму үрдісі бар, жүйесі баяғыда қалыптасқан сындар болғандықтан, білігімізге көбірек сүйенетініміз рас.
    Ал «Қазақстан Барысы» – жас, жаңа жоба. Ондағы әрбір дерек, әрбір жетістік пен нәтиже бізді байытады, қоржынымызды түрлі статистикалық дерекке толтырады. Қазір «Қазақстан барысында» буын алмасу процесі жүріп жатыр. «Осы үдеріс ауырлау өте ме?» деген қорқынышым бар еді, бірақ биылғы сын бәрінің ретімен келе жатқанын тағы аңғартты.

Эфирден кейін әлеуметтік желіден жұрттың пікірін іздеп әуре болмаймын
 
-Сіздің дауысыңыз телекөрермендерге қалай әсер ететінін өлшей (сезіне) аласыз ба?
-Оны сезіну қиын. Мысалы, маған спорт журналистикасының ардагерлері Жүсіп Хисымов, Рабат Жәнібеков ағаларымыз хабарласып, пікірін білдіріп отырады. Марқұм Сұлтанғали Қаратаев атамыз да сергектік танытып, ескертпелерін айтатын.     Кемшілігімді өзім жақсы білемін: мен тым тез сөйлеп кетемін. Осы әдетімнен тіпті арыла алатын емеспін. Әйтпесе, көрермендерден жылы сөзді де, боқтық-балағатты да бір кісідей естіп тұрамын. Әсіресе мектеп жасындағы балалар дауысымды ұнатпайды. Әлеуметтік желілерде «осы сен жүргізбей-ақ қойшы» деп өтініш жасайтындар да, тіпті қорқытқысы келетіндер де бар.
    Өз ойым былай дейді: қазақ сөзін түсінетін адамдар менің сол тілдік нормадан шықпауға тырысатынымды бәрібір байқайды. Калька жасамай сөйлеуге ұмтылатынымды бәрібір аңғарады. Өзім өлең жазамын, бірақ эфирде ешқашан өлеңдеткен емеспін. Яғни бір сәттік эффектілерге ұрынғым келмейді. Төкпелеп, арғы-бергі қызыл сөздің бәрін тергіштеп уақыт өткізуге де ықыласты емеспін. «Қазақтың намысы, қазақтың мақтанышы» деп термелеп, тек ұлттық нәрселермен көңіл аулауға да құштарлығым жоқ. Сондықтан әр эфирден кейін әлеуметтік желіден жұрттың пікірін іздеп әуре болмаймын.
    Эфирден шыққан соң қай сөзді, қай тіркесті дұрыс айтпағанымды өзімше шамалап, келесі жолы қайтамаламауға тырысамын. Жалпы, көп адамға өзінің эфирдегі дауысы ұнамайды. Маған да солай. Сондықтан You-Tube-те тұрса да, өзім жүргізген репортаждарды қайталап көре бермеймін.
-Осы кезге дейін қай балуан ерекше әсер қалдырды?
-Маған Айбек Нұғымаровтың болмысы ұнайды. Аспайды, саспайды, таспайды, қашан көрсең бірқалыпты. Сәтсіздікке сынғанын көргенім жоқ, жеңілістен кейін бүк түсіп жатып алғанын және байқамадым. «Қазақ күресіне қара тұяғымнан хал кеткенше қызмет етемін» деген сөзінде еш жасандылық жоқ. Ертең бүгінгі күннің бәрі тарихқа айналғанда, Айбек сияқты біртоға азаматтардың жетістігі мен табандылығы талай ұрпаққа үлгі болады.
-Осы жылдар ішінде кімге жанкүйер болдыңыз?
-Алабөтен жанкүйерлігім жоқ. Бірақ жыл сайын жаңа балуандардың көптеп шығуын тілеп отырамын. Неге екенін білмедім, әлсіздерге көбірек тілеулес болғым келеді де тұрады.
-Жобадан кейін шаршау мен қуаныштың қайсысы басым болады?
-Әрине, 6-7 сағат үздіксіз сөйлеу оңай емес. Бір қызығы, аса қатты шаршай қоймайсың. Үш жыл қатарынан «Қазақстан барысы» ораза уақытына дәл келді. Бірақ сонда тамағымыз құрғап, әліміз бітіп, еңсеміз түсіп кеткен ештеңеміз жоқ.    
Жоба біткен кезде, журналист емеспін бе, балуандардың эмоциясын көбірек бақылаймын. Мысалы, биыл жартылай финал алдында балуандар дайындалатын бөлмеге кірсем, тамаша мүмкіндігін пайдалана алмаған бір балуан кәдімгідей жер сабалап өкініп отыр. Бапкері жай ғана «бұйырмаған нәрсе...» деп тынышталдырды. Бірі күйіп-жанып отыр, бірі – өте сабырлы. Таразының екі басы кезек теңселіп тұрған бір сәт... Кейін осы сәттерді ойша қорытамын, келесі эфирлерде пайдалануға қор жинаймын.

Алдағы уақытта балуандар рейтингінің түзілетіні де өте дұрыс қадам
 
-Жобаның даму стратегиясына қатысты пікіріңіз...
-«Қазақстан Барысының» дамуы жолы көңілімнен шығады. Тұрақтылық бар, даму жоспары нақты, кемшіліктер тез арада ескеріліп, қорытынды шығарылады. Алдағы уақытта балуандар рейтингінің түзілетіні де өте дұрыс қадам. Мұндай жағдайда кейбір облыстарда қазақ күресі кенжелеп қалуы мүмкін-ау деген қаупім де жоқ емес.
-«Ақпарат барысы» өтсе қатысасыз ба?
-Бала күнімде үш апта күрес секциясына қатысқанмын, білігім сол-ақ. Сондықтан күшімді дәл шамалап, жасымның қырықтан асқанын және ескеріп, алғашқы қарсыласыма бірден есе жіберіп қою қаупім зор екенін жадыма тұтып, қатыса қоймаймын-ау... Одан да, мүмкіндік берілсе, әріптестерімді эфирден ардақтап отырмаймын ба?
-Жобаны жүргізу барысында өзіңізге қандай жауапкершілік жүктейсіз?
-Эфирге мейлінше тыңғылықты дайындалуға тырысамын. Спорт журналисі ретінде статистиканы жақсы көремін. Сізге ғана айтайын, комментаторлық кабинаға Жаратушыға сыйынып, «аузыма сөз сала гөр» деп медет тілеп енемін. Басты жауапкершілік – қазақтың сөзін бұзбау, лажы болса, қылау түсірмеу, барды бар күйінше айту, өзіңді ең мықты сарапшы ретінде көрсетуге ұмтылмау, болжамды байыппен айту, көрерменге тықпаламау.     Сосын өзіме қоятын ең үлкен талап – жамандық шақырмау. «Осы әдісті істей алмай қалса, қарсыласы күш алып кетер еді», «осы соққыны дұрыс жасамаса, қарсылас қарсы шабуылға шығып, гол соғып кетер еді» деген сияқты «сәуегейліктен» сақтанып отырамын.
-Жоба барысында ең керемет жасалған әдіс қандай?
Кім, қашан, кімге жасады?Оны қапелімде еске түсіру қиын. Жіктеп айтсам, Айбек Нұғымаровтың қарсыласын аяқтың ортасынан көтеріп тастайтыны, Мұхит Тұрсыновтың тік тұрып айқасуға шеберлігі, Ерсұлтан Мұзапаровтың қарсыласын бар салмағымен түсіретін ілкімділігі, Руслан Әбдіразақовтың иықпен лақтыратыны ұнайды. Эфир сайын осындай ерен қимылдарға тамсанып, қазақ күресінің бірегейлігін мойындап, «соны халыққа жеткізе алдық па?» деп елеңдеп отырамыз.
-Рахмет!

Следите за нашими новостями:

 
 
 
 
 

Нас поддержали

 
 
 
 
 

© Фонд развития қазақ күресі “Қазақстан барысы” 2010-2019